31 Наурыз, 2015

«Мәңгілік ел»  – бабалар аңсаған мұрат

3011 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ERA_4416 Кеше «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Мәдениет және спорт министрлігі бастамасымен «Мәңгілік елелдің біріктіруші күші» атты форум өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық зиялы қауым өкілдері қатысқан басқосуда Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, «Мәңгілік ел» идеясының маңызына тоқталды.   Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев «Мәңгілік ел» идеясы құрғақ ұран емес, қоғамдық жүйені бекіте түсерлік  іс-қайратымыз екенін, бұл орайда  мәдениет пен өнер қызметкерлерінің алдында бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын тілге тиек ете келіп, патриоттық рухтағы туындылар жасау шығармашылық адамдары үшін қазіргі таңдағы басты мәселе болып табылатынын айтты. Кезінде жазушылар, өнер адамдары билік пен халық арасындағы рухани алтын көпір, ал шығармашылық одақтар идеология қалыптастырушы ұйым болып саналатын. Бүгінде жазушыларды, өнер адамдарын халық бірден тани бермейді, шығармаларын жетік білмейді. Сондықтан қазір кез келген шығарма бәсекеге қабілетті болуы керектігін, кітап шығаруға бөлінген мемлекеттік қаржыға ең сапалы әдеби туындылар ғана ие болуы қажеттігін алға тартты. Мысалы, елордада Елбасының жеке кітапханасы жұмыс істейді. Сол сияқты Ұлттық академиялық кітапхана жанынан Мырзатай Жолдасбековтің жеке кітапханасы ашылды. Осындай кітапханалар өңірлерде де ашылуы керек, деді. Сонымен қатар, жақында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы өткізілгенін, оған азаматтар жеке қорындағы заттарын,  400-ге жуық экспонаттарды музейге әкеп тапсырғанын, жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін, олардың өз халқының тарихын білуге ықпал ететін мұндай игілікті істерді барлық облыстарда ұйымдастыру қажеттігін жеткізген Премьер-Министрдің орынбасары: «Қазақстанның болашағы, дамуы жастарға байланысты. Біздің негізгі міндетіміз –Мәңгілік елдің арқауы болатын жастарды тәрбиелеу», деп атап өтті. Мұнан кейін ел тарихы мен елі­мізде аталып өтетін биылғы басты мерейтойларға орай шешен: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Бүгінгі күннің басты міндеті – тарихы сонау тереңнен басталатын халқымыздың өткенін ұмытпай, бүгінін бағалап, болашаққа нық сеніммен қадам басу. Ол жол – Нұрлы Жол, Мәң­гілік елдің жолы. Биылғы өткізілетін Қа­зақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы біздегі көптеген ұлт­тар татулығының көрінісін айғақ­тап берсе, Конституцияның 20 жылдығы құқықтық тұрақ­ты­лы­ғымыздың кепілі болмақ. Ал, Қазақ хандығының 550 жыл­дығы – еліміздегі бірліктің және ын­тымақтың, тарихи сабақтастықтың көрінісі. Бұл аталған мерейтойлар көпұлтты халқы­мыздың, қазақстандықтардың ортақ мерекелері. Осы орайда әдебиет және өнер қайраткерлеріне де зор жауап­кер­шілік жүктеледі», деп тұжырды ойын. Қазақстанды шетелдерде таны­туда көңіл марқайтар жетіс­тік­теріміз аз емес. Үкімет басшы­сының орынбасары бұл ретте бір­қатар іс-шаралардың атқарыл­ғанын айтты. Ұлы Абайды шетелге танытудамыз. Мәскеуде, Бей­жінде, Будапеште ақын ескерт­кішінің бой көтеруі соның жарқын мысалы болып табылады. Сол секілді Қазақстанның атын шет­елдерге танытуда жекелеген мәде­ниет қайраткерлерінен драматург Дулат Исабеков, суретші Ер­болат Төлепбаев, музыкант Айман Мұсақожаева еңбектері өлшеусіз екенін, сонымен қатар «Астана Опера» театрының гастрольдік сапарлары да табыс­ты болғанын айтты. Бірақ бүгін бұл жетістіктермен тоқмейілсіп қалуға болмайды. Ол үшін осы бағыттағы жұмысты ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдармен, елшіліктермен бірлесіп, шетелдерде ұйымдастыруды жалғастыра беру керектігі назардан тыс қалған жоқ. Әдебиет пен өнерге тікелей Елбасының өзі қамқорлық көрсетіп, барынша жағдай жасап келеді десек, мұның дәлелі ретінде мысалы, қаламгерлердің қаламақысы, мемлекеттік стипендия, мемлекеттік наградалар, баспанамен қамтамасыз ету, т.с.с. бірталай мәселелерді айтуға болады. Әдебиет пен өнер адамдарына мұндай қолдаулар облыс, аудан әкімдері тарапынан да жоқ емес. Зиялы қауым өкілдерінің алдында Тәуелсіз Қазақстанды әр алуан жанрда жырлау мақсаты тұрғанын шегелей келіп, Бердібек Машбекұлы «Мәңгілік ел» идеясын үштұғырлы тілмен сабақтастыра ой өрбітті. «Үштұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болған жоқ, ол – өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар қарыштап дамуда. Сондықтан үш тілді – мемлекеттік тіл, орыс тілі және ағылшын тілін игергеніміз өте дұрыс», деп атап көрсеткен Үкімет басшысының орынбасары форумға қатысушыларды еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты, экономикалық дамуды, ұлтаралық татулықты ту етіп көтеріп, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында Елбасының айналасына топтасып, «Мәңгілік ел» мұраты жолында еңбек етуге шақырды. Мұнан кейін мінбеге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шығып, форумды өткізудегі мақсатқа тоқталды. «Тамыры тереңге жайылған елі­міздің бірлігі мен берекесі тарқа­ған емес. Ұлт пен ұлыстың тату­лығы бүгінде қоғамдық ынтымақ­тастықты сақтап отыр. Байтақ елде жұрттың бірлігі бұзылмай, тату-тәтті өмір сүріп жатқандығы біз үшін үлкен мақтаныш. Осы емес пе еді ата-бабаларымыздың арманы! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дүние­де тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы, бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» десе, «Мәңгілік ел» идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыс­тылық пен білімді қастер тұтудың рөлі «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ерекше атап өтілді. ...Кез келген ел өз келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бұл орайда Сарыарқа төрінде мәдениет, білім ордалары, әлеу­меттік нысандар, әсем ғи­ма­рат­тар, театрлар, кітапханалар, мұ­ра­жай­лар бой көтерген Астана –Тәуел­­сіз­ді­гіміздің бойтұмары атанды. Білімге, өнерге құштар өрендер үшін Астана ел өміріндегі тарихи оқиғалар тізбегінен орын алатыны анық. Бұл – сан қилы кезеңдерді басынан өткерген халық үшін ерлік пен өрліктің биік шыңы. Мәңгілік ел... Мәңгілік Қа­зақстан... Ата-бабаларымыздың мәңгілік арманы, мәңгілік аңсары болатын. Ертеңгі жарқын күннен үмітті біздің елдің ұраны да, жыр-әні де сол болуға тиіс. «Мәңгілік елдің» жеті қағи­дасы біздің дамуымыздың арқау­лық құндылықтарын, Қазақстан халқының ортақ мүддесі мен тарихи тағдырын айшықтайды. Себебі, Мәңгілік ел мұратына жету ұрпақтар бірлігі мен сабақ­тас­тығының көрінісі арқылы жү­зеге асатындықтан да Мемлекет басшысының халықтың үш буынына сөз арнауы кешегі тарих қойнауындағы бабалар үнін тағы да жаңғыртқандай әсер қалдырды», дей келіп, бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, Мәңгілік елге даңғыл жол ашылатынын айтты. Министр Қазақстанның мәдениет саласындағы ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағытын өткен жылы Елбасы­ның Жарлығымен қабылданған Мәде­ни саясаттың тұжырымдамасы айқын­дайтынын, мұндай маңызды құжат тәуелсіздік жылдарында алғаш рет қабылданып отырғанын жеткізді. Мәдениет дегенде адамдардың ойына алдымен демалыс және ойын-сауық саласы ретінде қалыптасып кет­кен ескі көзқарастан арылар сәт әлдеқашан жеткенін ескерте келіп министр, мәдени саясаттың маңызды басымдықтарының бірі – сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті өнім жасау қажеттігіне көңіл бұрғызды. Сондай-ақ, танымал төлтумаларды, елдің туристік тартымдылығын қалыптастыру арқылы мәдениет саласының экономикалық тиімділігін арттыру мәселесі ой өзегіне арқау етілді. Әдебиет және кітап шығару саланы дамытудың маңызды бағыты десек, осы істе ұлттың тіліне артылар жүк ерекше екенін еске салған Мәдениет және спорт министрі: «Елбасы Н. Назарбаев: «Біз еліміз үшін, жұртымыз үшін тарихымызды, мәдениетімізді, санамызды, ғұрпымызды өзіміздің тіліміз арқылы ғана жеткізе аламыз» десе, сөз зергері Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!» деуінде үлкен мән жатыр» деп, қазақ тілі – мемлекетіміздің барлық азаматтарын біріктіретін қуатты құралға айналуы тиістігін айтты. Бүгінде «Астана Опера» театры туралы айтқанда, кеудені қуаныш сезімі билейді. Шет елдердің айтулы сахналық алаңдарында классикалық өнер өзегіне айналған қара шаңырақ гастрольдік сапарлардан нәтижелі оралып жүр. Бұл ретте әртістеріміздің қазір әлемдік шақыруларға ие бола бастағаны сөз етілді. Қазір Мәдина Басбаеваны, Әйгерім Бекетаеваны, Алан Бөрібаевты және басқаларды шет­ел­дің көптеген мемлекеттері мойындай­ды. «GlobalArt» халықаралық корпорациясымен қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде үстіміздегі жылдың қаңта­рында Еуропаның ең үлкен театр­ларының бірі – Италияның Генуя қала­сындағы «КарлоФеличе» театрында «Астана Опера» балет труппасының гастрольдерінің сәтті өткені туралы басылымдар жарыса пікір жазып жатты. Министр өз сөзінде шетелде ұжымның толық құрамда өнер көрсетуі алғаш рет бюджет қаражаты емес, шақырушы тараптың есебінен болғанын айрықша атап өтті. Форумда мәдениет және өнер қай­раткерлері, ғылым-білім саласы майталмандары «Мәңгілік ел» идеясы туралы, саланың өзекті мәселелері бойынша өз толғаныстарын ортаға салды. Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин қаламгерлер «Мәңгілік ел» идея­сын жүзеге асыру мақсатында аянбай тер төге беруге тиіс екенін тілге тиек етсе, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым Асылы Осман қазақ тілі келешекте өзге этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына топтастыратын бірлік күшіне айналарына сенім білдірді. Өнер университетінің ректоры, Еңбек Ері Айман Мұсақожаева бүгінде Қазақстанды өнері арқылы бүкіл әлем мойындай бастағанын алға тартса, республикалық «Казахстанская правда» газетінің басқарма басшысы Александр Тараков «Мәңгілік ел» идеясын ауыл шаруашылығындағы бүгінгі жетістіктермен сабақтастырып ой өрбітті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберт, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әшірбек Момынов, мемлекеттік «Есік» тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Гүлмира Мұхтарова Елбасы идеясының Қазақстан келешегімен байланыс­ты тұстарын тарқата әңгімеледі. Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Мірғалиева «Мәңгілік ел» идеясы туралы ойларын айтумен бірге өңірлік театрға жаңа ғимарат керек деген өтінішін Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаевтың қаперіне салуды ұмытпады және бұл мәселеге орай Премьер-Министрдің орынбасары тарапынан тиісті жауабын алды. Республикалық корей музыкалық комедия театрының әртісі Антонина Пяк лебізіне де әріптестері қолдау білдірді. «Мәңгілік ел – елдің біріктіруші күші» шығармашылық зиялы қауым форумының қорытындысы бойынша қатысушылар Елба­сы атына қарар жолдады. Мұн­да «Мәңгілік ел – елдің бірікті­руші күші» республикалық форумы­ның маңыздылығы және ел Пре­зидентінің «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының негізгі рөлі туралы ортақ шешімге келгендігі атап өтілді. Құжатта: «Біздің еліміз табысты және өркендеген бола­шаққа талпынады. Қазіргі таңда біз – шығармашылық зиялы қауым­ның өкілдері барлығымызды бірік­тіретін таусылмас бұлағына айналған «Мәңгілік ел» жалпы­ұлт­тық идеясының терең мағынасын түсінуіміз қажет», деп атап өтілген. Алдағы ел Президентін сайлау қар­саңында форумға қатысушылар еліміздің зиялы қауым өкілдері атынан Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».